«Ресурстық орталықтың жұмысын үйлестірудің парадигмасы» республикалық семинар

2019 жылдың 29 қараша күні «Е.Сиқымов атындағы орта мектебі мектеп жанындағы интернатымен» КММ-де «Ресурстық орталықтың жұмысын үйлестірудің парадигмасы » тақырыбында республикалық семинар болып өтті. Семинардың мақсаты: Жаңартылған білім беру жағдайында тірек мектебінің (ресурстық орталықтың) қызметін ұйымдастыру мен үйлестіруде озық іс-тәжірибелермен бөлісу, өзара тәжірибе алмасу. Семинарға келген қонақтарды мектеп директоры, Алматы облыстық мәслихат депутаты Ибраимова Рахат Нығметбекқызы мектеппен, мектеп жанындағы интернаттың жағдайымен және «Ресурстық орталықтың іс-тәжірибесінен» атты көрмемен таныстырды. Семинарды Ақсу ауданының білім бөлімінің басшысы Рамазанов Бегімбек Сейпілмәлікұлы құттықтау сөзбен ашса, орта білім, оқытудың жаңа технологиясы мен инновация бөлімінің бас маманы Тұрғанбаева Роза Максимқызы ресурстық орталық жұмыстарын ұйымдастыру туралы кеңінен тоқталып өтті. Сонымен қатар тірек мектеп директоры Ибраимова Рахат Нығметбекқызы «Ресурстық орталық жұмысын үйлестірудің парадигмасы» тақырыбында жан-жақты жасалған жұмыстарға толық сараптама жасап, презентациямен таныстырды, ал қазақ тілі пәнінің мұғалімі, шығармашылық топ жетекшісі Қыдырманова Ардагүл Нұрханқызы «Магниттік мектеп оқушыларының білім сапасы мен оқу жетістігін арттыру жолдары» тақырыбында таныстырылым көрсетті. Алматы облыстық білім беруді дамыту оқу әдістемелік орталығы, мектепке дейінгі және бастауышта білім беру бөлімінің басшысы Дихамбаева Жанар Ауезовна «Әдістемелік кеңістік» жобасы аясында ой бөлісті. Сонымен қатар психология ғылымдарының кандидаты, РһD докторы, ресурстық орталықтың үйлестіру кеңесінің мүшесі Есімбекова Бақыт Оразаевна «Ресурстық орталық жұмысын ұйымдастыруда мұғалімдердің кәсіби маңызды қасиеттерінің деңгейін анықтау» тақырыбын жан-жақты ашып берді. Келген қонақтарға аудандық И.Исабаев атындағы «Өнер» мектебі мен мектеп ұжымы жоғары деңгейде концерттік бағдарлама ұсынды. Семинар қатысушыларымен «РО жұмысын тиімді ұйымдастыру – білім сапасын арттырудың кепілі» тақырыбында коучинг ұйымдастырылып өткізілді. Семинарға қатысушылар «Еркін микрафон» арқылы өз ойларын ортаға салып, ресурстық орталық жұмысын ұйымдастыру туралы ойларымен кеңінен бөлісті. Шағын жинақты мектептерді дамыту және оқушылардың білім сапасын арттырудың жолдарын кеңінен қарастырған, теория мен тәжірибені үйлестірген, маңызды және пайдалы семинар болып өтті.