«Жетісуға әйгілі – Терібаев Қуатпын»

2019 жылдың 17-қазанында Көкөзек ауылы, «Қуат Терібаев атындағы орта мектебі, мектепке дейінгі шағын орталығымен» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде аудан оқушылары арасында «Жетісуға әйгілі – Терібаев Қуатпын» атты ҮІІІ Қуат Терібаев оқулары болып өтті. Аталған оқуға ауданымыздан 30-ға жуық мектеп оқушылары келіп қатысты. Қуат оқуына келген оқушылар 3- кезең бойынша бақтарын сынады. 1-кезеңде шығарма үй тапсырмасы болса, 2-кезең «Өлең сөзге келгенде, ағып тұрған бұлақпын» ақын өлеңдерін жатқа оқыды. 3-кезең «Талаптың мініп тұлпарын» кезеңі бойынша қатысушы талапкерлер ақын атамызға арнау өлеңдерін оқып өтті. Оқуда бақтарын сынаған талапкерлерге ашылу салтанаты кезінде аудандық Білім бөлімінің аға әдіскері Сыздықбаев Әділжан Махмұтжанұлы құттықтау сөз сөйлеп, Қуат Терібаев атындағы орта мектебінің 5 - сынып оқушылары ақын өлеңдерінен үзінді жырлар оқыды. Сонымен қатар, аудан көлеміндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдерінен 5 адам әділ-қазы алқасы болып тағайындалды. Аудандық қазақ тілі және әдебиеті пән бірлестігінің жетекшісі Біржанов Ержан Құдайбергенұлы бастаған әділ-қазы алқалары өз талаптарын ескере отырып, әділ бағаларын беріп отырды. Сонымен бірге, әділ-қазы алқалары келер жылы болатын Қуат Терібаев оқуларына енгізген өзгерістер мен талаптарын да айта кетті. Келер жылғы Қуат оқуларының 1-кезеңі шығарма кезеңі сырттай болмай, қатысушы талапкерлерге арнайы критерий құрып, сайыс кезінде жаздыруды жөн көрді. Оқушылардың арнауларын жаттап айтуы, сахна мәдениетін ескеру жайлы да сөз қозғалып өтті. Байқау қорытындысы бойынша 1 – орынды Мәметова атындағы орта мектебінің оқушысы жеңіп алса, 2-орынды Қуат Терібаев атындағы орта мектебінің оқушысы Тлеш Нұрай мен Мамания орта мектебінің оқушысы Төлеген Балжандар бөлісті. 3-орынды Көлтабан негізгі орта мектебінің оқушысы қанжығасына байлады. Сонымен қатар, 2 қатысушы талапкерді номинация бойынша мараппаттап өтті. Орын алған оқушылар марапттар мен Қуат Терібаев мектебінің мұғалімдерінің атынан сыйлықтармен марапатталды.