Музыка пәні арқылы халықтық тәрбие берудің жолдары

Тәуелсіз елімізде табандылықпен жүзеге асырылып жатқан ілгерілесу саясатты қоғам өмірінің барлық саласына түбегейлі өзгерістер енгізуде. Тәуелсіз мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі, әл-ахуалының артуын жүзеге асырудың аса маңызды құралы қоғамның барлық саласын, соның ішінде өнер саласында мәдениет пен білімді дамытуда аса маңызды рөл атқарды. Қазақстан Республикасының этникалық-мәдени білім тұжырымдамасында "Тәрбиенің түп мақсаты - қоғамның нарықтық қарым-қатынасқа көшуі кезінде саяси экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, өмірге икемделген, білікті, жанжақты мәдениетті жеке түлғаны тәрбиелеу" - деп өнер мен мәдеиетті дамытуға ерекше мән берілген. Тәуелсіз еліміздің дамуы үшін мәдени - рухани мұраның жетістіктерін келешек ұрпаққа қалдырудың үлесі зор. Халықтың даналық мұрасын сақтаудың негізі халықтық тәрбиеде. Күнделікті өмір мен табиғаттағы әдемілікті түсіну, бақылау, пайдалану үшін балалардың сезім-түйсігі ұшқыр, ақыл-ойы алғыр, терең білімді азамат болуы керек. Осындай ұрпақтың өмірге деген эстетикалық көзқарасы оның қызметінің барлық саласында көрініп тұрады. Музыка жөнінде ертеде өткен ұлы адамдар оның үнінде адамның әрекеті мен сезіміне әсер ететін құдіреті керемет күш жатқанын айтқан. Музыканың мұндай қасиетін қазақ халқы да жоғары бағалаған. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан қанатты сөздерінде бұл пікір жиі ұшырасады. Мысалы: «Тіл жеткізбегенді-үн жеткізеді», «Жақсы ән-жан азығы» т. б. Шынында да, музыка тілімен жеткізе алмайтын адамның тереңде жатқан нәзік сезімінің қылын шертеді. Атамыз Абай: «Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй», - десе, Л. Н. Толстой: «Жақсы музыка көңіл-күйдің, жан сезімінің шежіресі», - деген. Музыканың осындай құдіретті қасиетінің өзі-адамды барлық сұлулықты қабылдауға, оны жан-тәнімен сезінуге, адамды сүюге, құрметтей білуге, рухани байытуға арналған. Музыка өнері – адамзат қауымының пайда болуымен бірге қалыптасып, қоғам дамуының барлық сатысында өмірлік мәні зор тәрбиелік қызмет атқарып, бүгінгі күнге жеткен сарқылмас рухани қазына. Қоғамдағы мәдениеттің деңгейіне, өндірістік қатынастардың, өндірістік күштердің дамуына сәйкес, оның мақсаты мен мазмұны, сипаты, әдіс-құралдары, тәрбие формалары белгілі бір өзгеріске ұшырап отырады. Музыка өнерінің дамып, қалыптасуына жасалған ретроспективтік талдау және археологиялық мәліметтер музыкалық тәлім-тәрбиенің қоғам дамуының деңгейіне тікелей байланысты болғандығын дәлелдейді. Музыкалық тәлім-тәрбие адамзат қауымының түрлі іс-әрекеттерінде, ойын-сауықта, еңбек ету әрекеттерінде берік орын алып отырды. Ол қоғамның мәдениетін, әлеуметтік тәжірибесін жеткізудің құралы болуымен қатар, сол қоғамның дамуына, музыкалық білімнің жинақталуына, адамдардың өмір әрекеттерінің түрленуіне байланысты әлеуметтік категория ретінде өзі де үнемі дамып, қалыптасу үстінде болды. Музыка өнері жеке тұлғаның дамып, қалыптасуында аса маңызды роль атқарады. Музыка адам саласына, жүйке жүйесіне ықпал ететін ерекше психофизиологиялық құбылыс болып табылатын дыбыстар арқылы бейнеленеді. Ал ол дыбыстар – түрлі биіктік пен күштіліктегі жай дыбыстар емес, адам сезімін бейнелеуші, реттеуші сұлулық заңына сәйкестенген әсерлі әуен өрнектері. Басқа да өнер түрлері сияқты музыка – танымдық процестерді белсендіру құралы. Музыкалық шығармаларды тыңдау, ойнап үйрену, орындау барысында оқушылардың өмір тәжірибесі байытылады, болмысты байыптау өрісі кеңейеді, ойлау процестері жеделдетіледі. Музыкамен қарым-қатынаста болу әуен-саздың өзара байланысын, мәнерін, бірізділіктегі құрылымын (әуенді образды қабылдау), олардың кешенділігін (тембірі мен гармонияның мәнерлігін қабылдау), сонымен қатар шығарманың түрлі фактураларының айырмашылықтарын (гомофония, полифония) танып білуге көмектеседі. Оқушылардың музыкалық іс-әрекеттерінде дамитын ойлаудың осы сферасы олардың болмысты тануына көмектеседі, дүниетанымын кеңейтеді, ақыл-ой қабілеттерін жетілдіреді. Қиялдың, фантазияның дамуы – тәлім-тәрбиенің маңызды жақтарының бірі. Осы ретте бала қиялын шарықтатып, арман-мақсатының өресін биіктетуде шығармашылыққа жетелеуде музыканың маңызы зор. Білім беру саласында теориялық, практикалық іс-әрекеттің негізі болып табылатын білім берудің мазмұны, формасы мен әдістері туралы ғылым. Осыған сәйкес белгілі бір білім саласы бойынша педагогикалық проблемаларды зерттейтін музыкалық білім беру педагогикасы сияқты бөлімдерінің болуы заңды құбылыс. Бұл ұғым көпшілікке музыкалық білім беру саласында , соның ішінде білім мазмұны мен оқытудың әдістемесі белгілі бір педагогикалық жүйені құрайтын және сол музыканың өзі тәрбие құралы ретінде саналатын жалпы білім беретін мектептердегі музыка пәніне байланысты қолданылады. Халық тағылымы арқылы музыкалық өнер – балаларды тәрбиелеу құралы. Халық музыкасы сезімді, көңіл-күйді оятады, ал көңіл-күй психологиялық күйді тұрақтатады. Психологиялық күй адам санасында өмірге деген белгілі дәрежелі қатынасты бекітеді. Музыка өмір қозғалысында даму динамикасында шындықты бейнелейді. Музыканың мазмұны сезім, эмоцияға көңіл-күй болып табылады. Бүкіл өмірінде сақталынып қалатындай музыканың адамдарға әсері ерте жастан қалыптасуы тиіс. Музыкалық іс-әрекеттің барлық нысандары ол балалардың музыкалық тәжірибесі белсенді түрде музыканы қабылдауы, олардың шығармашылық қабілеттерін білімдері мен дағдылары – осылардың барлығы да оқушының музыкалық мәдениетінің байуындағы алғы шарттар. Кең мағынада халықтық педагогика, халықтық тәрбие, халықтық музыка арқылы музыкалық қабілетті дамыту, бұл адамның бойында рухани қажеттіліктерді, оның адамгершілік түсініктерін, зерделілігін, идеялық-эмоцияналдық тәрбиені дамыту және тіршілік құбылыстарының эстетикалық бағасын қалыптастыру. Осы тұрғыдағы халық музыкасын дамыту ол – адамды тәрбиелеу дегенмен пара-пар. Тар мағынада музыкалық тәрбие беру – бұл музыканы қабылдауда қабілеттілікті дамыту, ол әр түрлі формадағы музыкалық іс-әрекет арқылы жүзеге асады, осыдан адам бойында музыкалық мәдениеттілік қалыптасады. Рухани дүниетанымын дамыту және пән әдістемесін үйрету дегеніміз ол балалармен музыкалық тұрғыдан жұмыс жасайтын, мақсат-міндеттерден, мазмұны, нысандары мен әдіс-тәсілдерді үйрететін пән. Ол музыканың өмірі мен байланысын ұлттық мәдениеттің ерекшеліктерін, әдебиет пен халық ауыз әдебиетін, бейнелеу өнері мен тарихтың байланысын сол аймақтың, халықтың тұрмысы мен салт-дәстүрінің байланысын оқып үйрететін пән. Халық музыкасы, халық әуені мен әуезі – тұлғаны оның сана-сезімін, құндылық қондырғысын, мінез-құлқын, адамгершілік қабілетін қалыптастырудағы халықтық тәрбие таптырмас құрал.

 

Жаркент гуманитарлық – техникалық колледжі.

Музыка пәнінің жоғары санатты оқытушысы

Тумаева Нурбуби Кабдолдақызы