Педагогикалық іс-тәжірибенің маңызы мен ұйымдастырылуы

Жаркент гуманитарлық-техникалық колледжінің білім алушыларының іс-тәжірибесі білікті мамандар дайындауда білім берудің ажырамас бөлігі болып есептелініп, мектептерде оқу бағдарламасы мен үрдісіне сай мамандықтарына байланысты іс-тәжірибеден өтеді. Білім алушылардың іс-тәжірибесі «Колледж және базалық мектеп» ынтымақтастығы негізінде жүзеге асады. Колледж білім алушыларының кәсіби шеберліктерін қалыптастыруда іс-тәжірибе түрлері жүргізіледі. Онда машықтанушылардың теориялық оқу барысында алған білімін нығайтуда және алдыңғы қатарлы тәжірибелерді меңгерту мақсат етіледі.. Сондықтан болашақ маманға колледж қабырғасында және кәсіптік бәсекелестікке төтеп бере алатын өз мамандығына ыңғайлы, қабілетті ерекше педагогикалық қасиеттерді қалыптастыру- әрбір оқытушының міндеті. «Адамның шын көңілі мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірмен, тез қолға түседі. Шала мейір, шала байқалады» деп Абай атамыз айтқандай, машықтанушылардың іс-тәжірибедегі жетістігі, оқытушылардың да еңбегінің көрінісі. Шынында да, балаларға деген сүйіспеншілік және олармен жұмыс істеуге ынта-ықылас болмайынша нағыз мұғалім болу мүмкін емес. Сол себептен де ол өзінің педагогикалық шеберлігін де шыңдай алмайды. Оның негізгі бастамасы болашақ мұғалімді дайындау, қалыптастыру кезеңінде басталады. Бұл орайда іс-тәжірибенің алатын орны ерекше, өйткені қазіргі білім алушы – болашақ ұстаз. Ол өзінің бейімділігін, шеберлігін, ыңғайлылығын, алған теориялық білімдерін мектеп өмірімен байланыстырып отырғанда ғана жүзеге асады. Тек сонда ғана мұғалімге тән педагогикалық шеберлікке, іскерлікке жетуге жол ашылады. Педагогикалық іс-тәжірибе кезінде болашақ мұғалімнің қарым-қатынас психологиясын меңгеруі, әр оқушымен жеке дара жұмыс тәжірибесінің дамуы, ата-анамен байланысының күшеюі, оқушының өзін-өзі басқаруына жағдай жасай білуі, еңбекке қатынасын, үлкенді сыйлау, т.б. мінез-құлықтарының қалыптасуына ықпал ету әдістерін меңгеруі жүзеге асады. Іс-тәжірибе барысында қалыптасқан ұстаздық шеберліктер жиынтығы болашақтағы қызмет барысында өз жалғасын табады. Болашақ мамандардың тұлға ретінде қалыптасуында педагогикалық іс-тәжірибенің мәнін көтерудің бірнеше себебі бар: 1. Колледж қабырғасында өткізілген теориялық дайындықтар нәтижесі «Байқау сабақтары» іс-тәжірибе кезінде қолданылады да, оның жетістігі мен кемшілігі айқын көзге түседі. 2. Іс-тәжірибе барысында машықтанушылар оқушылармен тікелей қарым-қатынасқа түсу арқылы оның жеке дара ерекшеліктері мен қабілеттері айқындалады. 3. Педагогикалық іс-тәжірибе кезінде машықтанушылардың өзіндік «менінің» мәні арта түседі. «Мен білемін», «үйренемін», «үйретемін», «тәрбиелеймін», «қарым-қатынас жасай аламын» деген сияқты сенімі нығаяды. Оқушыларды тәрбиелеуге көңіл бөле отырып, машықтанушы өзін-өзі тәрбиелеумен айналысады. Қиындықты жеңуге, сол сәтте кездескен қиындықтардың шешімін табуға үйренеді, педагогикалық ойлауы дамиды. Әдіскерлер, пән мұғалімдер және оқушылармен тығыз ынтымақта жұмыс жасауға үйренеді. Сондай-ақ, іс-тәжірибені ұйымдастыру кезіндегі басты мәселенің бірі – білім алушыларға тәжірибенің негізгі міндеттерін айқындап, талдап жеткізу әдіскерлердің басты міндеті болып табылады. Бұл міндеттер оқу-өндірістік істер жөніндегі кәсіптік тәжірибе бағдарламасында атап көрсетілген. Онда білім алушылардың алған теориялық білімдерін оқу-тәрбие жұмысында қолдана білуге үйрету, оқытудың әдіс-тәсілдерін пайдалана отырып, сабақтың жоғарғы әсерлілігіне жету үшін тиімді үйлестіре білуге үйрету, оқу-тәрбие жұмыстарын бақылау, талдау іскерлігін қалыптастыру, балалар мен жасөспірімдердің психологиясы негізіне сүйене отырып, оқушылармен оқу-тәрбие жұмысын жүргізуге үйрету, ғылыми-педагогикалық зерттеулер жүргізудің элементтерін қалыптастыруға үйрету сияқты міндеттер атап көрсетілген. Биылғы оқу жылында 301, 302, 304, 305, 312, 405 топтар алғашқы «Байқау сабақтары» тәжірибесі кезінде оқу мен тәрбие жұмысының бірлігін іске асыруға, оқушыларды адамгершілікке, имандылыққа, еңбексүйгіштікке баулуға, оларға эстетикалық, экологиялық және дене тәрбиесін беруге бірден-бір ерекше көңіл бөілініп, ашық сабақтар, «Күзгі салтанат» іс-шаралары ұйымдастырылып, мынадай машықтанушылар ерекше көзге түсті. Олар, З.Тайшуманова, Н.Баймұқан, З.Тоқтасын, З.Абитова, Е.Нұрдәулетов, А.Жұмабекова, А.Исмаил, А.Қасымжан, Д.Жақан, т.б. білім алушылар. «Байқау сабақтары» іс-тәжірибесінің нәтижелерін әдіскерлер мен пән мұғалімдері бірігіп, дифференциялдф түрде бағалайды. Ашық сабақтарға колледж және мектеп әкімшілігі, пән мұғалімдері үнемі қатысып отырды. Іс-тәжірибе жүргізілген базалық мектептер ақпараттық-техникалық құрал-жабдықтармен жабдықталған, материалдық-техникалық базасы талапқа сай. Мысалы, Алтынсарин, Жамбыл, Ш.Уәлиханов, №6, А.В.Луначарский атындағы базалық мектептерде оқушы, мұғалім, машықкер ынтымақтастығының әрекет етуіне барлық жағдай жасалған. Мақсатты ұйымдастырылған және тиянақты өткізілген іс-тәжірибе білім алушылардың оқыту мен тәрбие жұмысының қазіргі өмірімен байланысын күшейтуге, болашақ ұстаздың балалар мен жасөспірімдердің байланысын, қарым-қатынасын күшейтуге және білім алушылардың пән бойынша психологиялық-педагогикалық білімін қалыптастыруына оң әсерін тигізеді.

 

А.Хахан

Жаркент гуманитарлық-техникалық

 колледжінің оқытушысы