Мамандығым-мақтанышым

Адамзаттың гүлзар бағынан Адам Ата мен Хауа Ана жер бетіне ұрпақ жаю үшін жіберілсе керек. Сол заманда бір мамандық болды ма, әлде көп пе, ол жағы белгісіз. Менің білетінім, өзім ес білгелі «Мен өскенде ұстаз боламын!» деп өстім, осы мақсатыма жеттім «Мамандығым - мақтанышым» дегенде, менің ойыма ең алдымен осы мамандықты неге, қалай таңдадым? - деген сұрақ келеді. «Арман деген көп белес. Біріне шықсаң, бірі бар»,- деп Ғабиден Мұстафин айтпақшы, бала күнімнен ұстаз болуды армандадым. Осы арман жетегімен педагогикалық оқу орнын тәмамдадым. Бәлкім, бүгінгі келешегі кемел жастар сияқты сол кезде түрлі мамандық болмады ма, әлде біз ұстаздықтан өзге мамандықты «кәсіп емес» деп санадық па, кім білсін? Бұл менің мамандық таңдаудан қателестім-ау деген өкінішім емес, жасампаз да жайраң өмірдің яғни ХХІ ғасыр ұрпағының бүгінгі мүмкіншілігі зор деген сенім мен сүйінішім.

Менің пікірімше, жақсы маман болу үшін:

Өмір – теңіз,

Онда жүзем демеңіз,

Ізгілікпен жасалмаса кемеңіз, - деп шығыстың жарық жұлдызы, ақын Рудаки жырлағандай, ізгілік кемесіне мінген, мейірімнің туын көтерген жан болу керек. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің басқа пәндерден ерекшелігі де, артықшылығы да бар. Ерекшелігі сол – ғылымның қай саласымен де байланыстыра аласың, артықшылығы сол- бір ақынды жаттамаса, екіншісін жаттата аласың, бір сабақта селт етпеген сезімін,екінші сабақта оята аласың. Ұлтын сүйген әртүрлі ақынның, әр жазушының өмірі мен шығармашылығынан мәлімет бере аласың. «Қазақ мектебі –қазақ ұлтының бесігі. Енді не тіршілік жасасақ та ұлттық мүддені мақсат етуіміз керек »,-деп ой өрбіткен еді ұстаздардың ұстазы, қоғам қайраткері Шәмшә Беркімбаева. Осы пікір менің ойыммен сабақтасып жатқандай.

«Ана тілін толық меңгеріп алмай тұрып, өзге пәндерді түсіну мүмкін емес»,-деп, Ж.Аймауытов айтқандай, мемлекеттік тілдің бағының жануы тіл жанашырына байланысты, оның ішінде тіл мамандарының алатын орны ерекше. «Ер Төстігім бір төбе, өзге ұлдарым бір төбе»,-деген сияқты еліміздің ертеңін дайындауда басқа пәндердің орны бір бөлек, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің орны бір бөлек.

Бүгінгі балғын - ертеңгі ел тізгінін ұстайтын азамат. Ендеше, сол азаматты ұлттық рухта тәрбиелеу- кезек күттірмейтін мәселе. Ұлттық тәрбие жоқ жерде ұлттық намыс болмайды, ұлттық намысы болмаса, ұлттың өркен жаюы мүмкін емес.

Бала – бір үйдің бақыты, мемлекеттің байлығы. Сол байлықты бағалай білу- біздің міндетіміз.

«Өнер алды- қызыл тіл»-деп, данышпан Абай атамыз тілді бар өнердің алдына тегіннен-тегін шығарған жоқ. Сөз жансызға жан бітіріп, сезімсізді сезімтал етеді. Біз, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері осы шырайлы тілді ұрпақ санасына жеткізе білуіміз керек. Бала – бір үйдің бақыты, мемлекеттің байлығы. Сол байлықты бағалай білу- біздің міндетіміз.

Менің ұстаздық ұстанымым – әр шаңырақтың үміті болып отырған алдымдағы әр шәкіртімнің бабын таба білу, жүрегіне ел, ұлт деген ұғымды ұялатып, жан шырағын жаға білу. Бүгінгі таңда мұғалім болу оңай жұмыс емес. Басқа ешбір мамандық адамға дәл мұғалімге қойылғандай талаптар қоймайды. Педагогтық қызметтің жетістігін бағалау да өте қиын. Оның сапасы сызғышпен өлшеп, әрбір мысқалына дейін таразыға тартатын дүние емес. Қиыны мен қызығы, талабы мен жемісі қатар жүретін өз мамандығымды қатты жақсы көремін. Өйткені, бұл мамандық - менің жүрек қалауым. Сондықтан да мен өз мамандығымды жоғары бағалаймын.

Қазақ ағартушысы М.Жұмабаев «...Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» деген. Жас ұрпаққа саналы тәрбие және сапалы білім беру деңгейі ең алдымен, мұғалімнің даярлығына, оның іс-тәжірибесінің қалыптасып шыңдалуына байланысты. Тәрбиеші -баланың жеке тұлғасын қалыптастырушы, маңызды тәлім-тәрбие өнегесінің бастаушысы, жарқын үлгісі, бала қиялын самғатып, арманын көкке ұсындырушы басты тұлға. Бүгінгі жас өркеннің ертеңгі әлеуметтік –саяси қоғам мүшесі ретінде қалыптасуында тәлім-тәрбиенің маңызы зор екендігі белгілі. Ендеше қоғамдағы қол жеткен тәрбиелік жақсы дәстүр атаулыны пайдаланып, биік адамгершілік қасиеттерге баулу, тәрбиелеу-тәрбиешінің басты міндеті.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз және оны қалыптастыру басты міндетіміздің бірі» деген. Ендеше, мұғалімнің басты міндеті – оқушы бойында отаншылдық сезімін ояту болып табылады. Өйткені, біздің елімізге болашақта да адами құндылықтардың барлық саласын бойына сіңірген, таза, елжанды азамат керек.

 

Самалы бол Отанның салқындаған,

Сандуғаш бол, сайратсын алтын далаң.

Семсері бол Отанның қынабында,

Сертке ұстаса, селт етпей жалтылдаған - деп, Мұқағали Мақатаев айтқандай қорыта келгенде айтарым, қазіргі заман тәрбиешісі - заман талабына сай, жан-жақты, білім мен тәрбиені ұштастыра білген, жаңа технологиялармен қаруланған бала жанының бағбаны.

Иә, жүрек түкпірінен лықсып шыққан осы бір мамандық туралы ойларымды жазар болсам, әлі де айтарым көп... Бірақ бір ауыз сөзбен түйіндесем;

Адам болу – ұлы арман,

Ұстаз болу – бір арман,

Бұл бір ұлы мамандық,

Шыңға біткен шынардан.

 

Құрабалдиева Клара Бавашқызы

Жаркент гуманитарлық-техникалық колледжінің

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы

«Қаныш Сәтбаев» атындағы орденнің иегері

Жоғарғы санатты оқытушы