Оқу үрдісінде электронды оқыту жүйесінің тиімділігі

Ақпараттық қоғамның негізгі талабы – оқушыларға ақпараттық білім негіздерін беру, логикалық – құрылымдық ойлау қабілеттерін дамыту, ақпараттық технологияны өзіндік даму мен оны іске асыру құралы ретінде пайдалану дағдыларын қалыптастырып, ақпараттық қоғамға бейімдеу.

Бүгінгі күні білім кеңістігінің жоғары қызығушылықпен дамып келе жатқан саласы – электрондық  оқыту жүйесі E-learning. Білім жүйесінің ерекшелігі – тек біліммен қаруландырып қоймай, өздігінен білім алуды дамыта отырып, үздіксіз өз бетінше өрлеуіне қажеттілік тудыру.

Алматы облысында 2012 жылдан бастап электрондық оқыту жүйесі енгізілген, бүгінгі күні 134 жалпы білім беретін мектептер, 6 кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдары аталған жүйеде жұмыс жасайды.

E-learning бағдарламасының басты мақсаты білім беру процесінің барлық қатысушыларының үздік білім беру ресурстары мен технологияларына тең қол жеткізуін қамтамасыз ету және басты міндеті - оқу процесін автоматтандыруды енгізу үшін жағдай жасау. Аталған бағдарламада: "Оқушы автоматтандырылған жүйеде жеке портфолиосын, күнтізбесін, күнделігін жүргізеді. Мұғалім күнтізбелік - тақырыптық жоспарын, топ журналын, хабарландыру қызметі (алда болатын жоспарлы және жоспардан тыс жиналыстар мен кездесулер туралы оқушылардың ата-аналарына e-mail немесе sms-хабарламалар, т.б. жіберу) толтырылады.

Электрондық оқыту жүйесінің тағы бір жағымды жағы, ол сандық білім беру  ресурстары. E-learning жүйесіндегі сандық білім беру ресурсын пайдаланып  жұмыс жасау мұғалімнің ғылыми-әдістемелік потенциалын дамытып, оның сабақ үстіндегі еңбегін жеңілдетеді. Сандық білім беру ресурсын мұғалімдер сабақ жүргізу үшін, ал оқушылар оны өз беттерімен сабаққа дайындалу үшін және анықтамалық материалдар ретінде пайдалана алады.

Оқытудың әр сатысында компьютерлік тестер арқылы оқушыны жекелей бақылауды, графикалық бейнелеу, мәтіндер түрінде, мультимедиалық, бейне және дыбыс бөлімдерінің бағдарламасы бойынша алатын жаңалықтарды іске асыруға көп көмегін тигізеді. Осы сандық білім беру ресурсын пайдалануда оқушы екі жақты білім алады: біріншісі – пәндік білім, екіншісі – компьютерлік білім. Электрондық оқулықтағы өзін-өзі тексеру жүйесі оқушы мен оқытушының арасындағы байланысты алмастырады.

Электрондық оқыту жүйесі мұғалім, оқушы және ата-ана үшін де өте тиімді. Жұмыстан қолы босамайтын ата-аналар үшін бұл жүйе бірден-бір шешім деуге болады. Қалаған уақытта сынып жетекшісімен, пән мұғалімдерімен де сөйлесу мүмкіндігі бар, ол үшін электронды оқыту жүйесінде sms хабарлама ұйымдастырылған. Тіпті балаларының сабағын тексеру сияқты жұмыстарды ата-аналар интернет желісінің мүмкіндіктерін пайдалану арқылы іске асыра алады.

Болашақта бiлiм беру ақапаттық-коммуникациялық технологиялардың дамуымен тығыз байланыста болатыны анық. Сондықтан да электрондық оқыту жүйесін мектептерде оқу үрдісінде  қолдану қазiргi білім берудің ең маңызды мәселесі болып саналады.

 

Алматы облысының ақпараттық технологиялар орталығының

электрондық оқыту жүйесін енгізу және білім сапасын бағалау  бөлімінің басшысы

Құрманқызы Зарина